СҚО-да сірке қышқылын ішкен әкімдік қызметкері ауруханада көз жұмды

СҚО-да сірке қышқылын ішкен әкімдік қызметкері ауруханада көз жұмды
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігінің қызметкері уланып, ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Дәрігерлер 62 жастағы науқастың өмірін аман алып қалу үшін екі аптаға жуық уақыт бойы күрескен. Алайда ақ халаттылардың барлық әрекетіне қарамастан, 15 қараша күні әйел жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 3 қарашада тіркелген. 
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша СҚО полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігі («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

«Құқық қорғау органдары болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр. Заң талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Желіде тараған ақпарат бойынша аудан әкімдігінде статист болып еңбек еткен 1964 жылы туған тұрғын жұмыс орнынан ауыр химиялық улану белгілерімен шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілген.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде бұл жағдайдың аудан әкімдігінде жүргізілуі мүмкін қаржылық тексерістерге қатысы бар деген болжамдар айтылуда. Дегенмен бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу