Шу ауданында «Қазақмыс» қолдауымен екі спорт алаңы бой көтерді
Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында жаңа волейбол және баскетбол алаңдары ашылды. Олардың құрылысына «Қазақмыс» корпорациясы қаржылай қолдау көрсетті, деп хабарлайды Politico.kz.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаға 20 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Жаңа спорт алаңдары Саттар Естемесов атындағы орта мектептің аумағында орналасқан. Мұнда тек оқушылар ғана емес, ауыл тұрғындары да спортпен шұғылдана алады.
Сабақ кезінде алаңдарда дене шынықтыру пәні өткізіледі. Ал сабақтан тыс уақытта ауыл балалары мен жастары, сондай-ақ басқа да тұрғындар волейбол және баскетбол ойнай алады.
Көкқайнар тұрғындары мұндай спорт алаңдарының салынуын көптен күткен. Енді балалар мен жастардың спортпен айналысу үшін басқа жаққа баруының қажеті жоқ.
Құрылыс барысында алаңдардың негізі дайындалып, арнайы жабын төселген. Сондай-ақ қажетті спорттық жабдықтар орнатылып, айналасы абаттандырылған. Қазір барлық жұмыс толық аяқталған.
Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен Шу ауданы әкімдігі арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды.
Компанияның мәліметінше, ауылдарда спорт алаңдарын салу балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасауға бағытталған.
«Қазақмыс» мұндай жобалар арқылы өзі жұмыс істейтін өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға үлес қосуды көздейді.
Соңғы жаңалықтар