Алматыда жылу құбыры жарылып, бірнеше адам ыстық суға күйіп қалды
Алматы қаласында жылу желісіндегі апат салдарынан жеке сектордағы тұрғын үйлерді қайнаған су басты, деп хабарлайды Politico.kz. КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға салдарынан төрт адам күйік алып, олардың үшеуі ауруханаға жеткізілді.
Коммуналдық апат сенбіге қараған түні қала шетінде болған. Жылу құбыры жарылып, ыстық су тұрғын үйлердің ішіне дейін кірген. Қорыққан тұрғындар түн ортасында үйлерінен эвакуацияланды. Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер апаттың салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Зардап шеккен тұрғындардың айтуынша, көптеген үйлерде жиһаз бен тұрмыстық техника жарамсыз күйге түскен. Тұрғындар бұл аумақта мұндай жағдай бұрын да болғанын айтып отыр. Тұрғындар келтірілген шығынды өтеуді және тозығы жеткен жылу желілерін толық ауыстыруды талап етіп отыр.
Коммуналдық қызмет өкілдерінің мәліметінше, апатқа 55 жыл бұрын салынған құбырдың тозуы себеп болған. Қазіргі таңда зақымданған учаске ауыстырылып, тұрғын үйлер бойынша шығынды бағалау жұмыстары жүргізілуде. Апаттан кейін құбырдың бір бөлігі ауыстырылған. Компания тұрғындарға келтірілген залал өтелетінін мәлімдеді.
«Диаметрі 800 мм болатын құбырда ақау анықталды. Жарылу сол күні бес сағат ішінде оқшауланып, жойылды. Қазір зақымданған үйлер бойынша бағалау жұмыстары жүргізіледі», – деді «Алматы жылу желілері» ЖШС өкілі Наталья Инкина.
Өтемақының нақты көлемі сараптама нәтижесінде белгілі болады. Алайда тұрғындарды ең алдымен өз қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Олар ескі жылу желілері қайта жарылуы мүмкін деп қауіптеніп, инфрақұрылымды толық жаңартуды талап етуде.
Соңғы жаңалықтар