Алматыда жылыту жүйелері толық цифрланады
Алматыда биылғы жылыту маусымы бұрынғыдан өзгеше басталды. Қала біртіндеп «ақылды» жылу жүйесіне көшіп жатыр. Бұл өзгеріс жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының маңызды кезеңі аяқталып, барлық негізгі нысандарға цифрлық бақылау енгізіле бастаған сәтте келді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қала биыл жылу жүйесін онлайн басқаруға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды алғаш рет толық көлемде қолданбақ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай осы жұмыс жайында кеңірек айтып берді.
Оның айтуынша, «Алматы қаласын дамыту жол картасы» аясында «Алматытеплокоммунэнерго» кәсіпорнына қарасты 17 қазандық жөнделген. Бұл қаладағы барлық қазандықтардың шамамен бестен бір бөлігіне тең. Жөндеу жұмыстары Түрксіб, Медеу, Алатау және Жетісу аудандарында жүргізілді. Осы жобалар аясында ескі жабдықтар жаңартылып, басқару жүйесі толық ауыстырылды. Қосымша жаңа деаэраторлар, сорғылар, аккумуляторлық бактар орнатылды. Қазандықтар орналасқан ғимараттардың өзі де жаңадан салынды.
«Кәсіпорын қазандықтарды жөндеу, жаңарту және қайта құру бойынша көп жұмыс істеді. Басты мақсатымыз қала тұрғындарын сенімді, қауіпсіз және тиімді жылумен қамтамасыз ету. Биылғы жылыту маусымы осы үрдістің алғашқы нәтижесін көрсетуі тиіс. Қалада келесі жылы да кең көлемді жаңарту жалғасады. Жол картасы бойынша тағы 20 қазандықты жаңарту жоспарланып отыр. Ал 2030 жылға дейін жалпы 61 нысан толық жаңғыртылады. Сарапшылар мұндай модернизация жылу жүйесінің қуатты үнемдеуіне және апат тәуекелін едәуір азайтуға мүмкіндік береді деп отыр. Бұл жаңғырту тек инфрақұрылымды жөндеу емес, оны цифрлық деңгейге көтеру міндетімен де жалғасады», дейді ол.
Сондай-ақ «Алматытеплокоммунэнерго» нысандарында қысым мен температураны онлайн бақылауға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылған. Бұл жүйе жылу желілерінің жағдайын нақты уақыт режимінде қадағалайды. Егер қандай да бір көрсеткіште ауытқу байқалса, апатқа дейін жедел әрекет ету мүмкіндігі болады.
Жаңа жүйенің жұмыс істеу принципі қарапайым. Температура, қысым және жылу тасымалдағыштың шығыны автоматты түрде тіркеледі. Барлық дерек бір орталық диспетчерлік пунктке жіберіледі. Бұл диспетчерлерге нақты жағдайды толық көріп отыруға мүмкіндік береді. Егер қандай да бір ақау туындаса, жүйе оны бірден көрсетеді. Сол арқылы мәселені дер кезінде шешуге жол ашылады.
Алдағы уақытта жылыту маусымы басталғанда «ақылды коммуналдық жүйеге» көшу кезеңі жалғасады. Қаланың барлық инженерлік желілері біртұтас цифрлық платформаға біріктірілмек. Бұл платформа қала жылу жүйесін толық бақылап, әр нүктедегі жағдайды дәл көрсететін жүйеге айналады.
Алматыда енгізіліп жатқан бұл өзгерістер қаланы қауіпсіз, тиімді және энергия үнемдейтін жаңа деңгейге шығарады. Жүйенің цифрлануы тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қала толық «ақылды» жылу жүйесіне жақындап келеді.
Соңғы жаңалықтар