Алматыдағы балабақша жанжалынан кейін мекеме иесі мәлімдеме жасады

Алматы қаласындағы балабақшада орын алған шуға қатысты мекеме иесі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Балабақша иесі Амина Юсупбаева бұл жағдайды "қызметіміздің тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі" деп атады. Ол мекемені жолдасымен бірге 10 жыл бұрын ашқанын және оның "өмірлік ісі" екенін жеткізді.
"Жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқанымызға қарамастан, мұндай оқиғамен алғаш рет бетпе-бет келіп отырмыз. Баланың ата-анасынан шын жүректен кешірім сұраймыз", – деді Юсупбаева.
Сонымен қатар, ол тергеу жұмыстарына толықтай көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
"Тәрбиешінің әрекетін мүлде қолдамаймыз, керісінше оны қатаң айыптаймыз. Баланың отбасына келтірілген моральдық және физикалық зиянды өтеуге барымызды саламыз", – деп қосты балабақша басшысы.
Юсупбаеваның айтуынша, тәрбиеші мен балабақша меңгерушісі жұмыстан шығарылған, ал директорға қызметтік салғырттығы үшін айыппұл салынған. Оқиға болған филиалдың қызметі уақытша тоқтатылды.
Қазіргі таңда бұл жағдай құзырлы органдардың бақылауында, ал полиция іс бойынша тергеу жүргізуде.
Соңғы жаңалықтар





