ҰҚК Жоғарғы соттың деректері таралып кетті деген ақпаратты тексеріп жатыр

ҰҚК Жоғарғы соттың деректері таралып кетті деген ақпаратты тексеріп жатыр
Фото: magnific.com

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Жоғарғы соттың деректер базасы таралып кетті деген ақпаратқа байланысты тексеріс бастады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрдің айтуынша, даркнетте қазақстандықтардың жеке деректер базасын сатуға қатысты хабарландырулар жиі кездеседі. Алайда ондағы мәліметтер әрдайым шындыққа сай келе бермейді. Кейде тексеріс барысында Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ суреттер мен басқа да файлдар анықталады.

Енді мамандар Жоғарғы сотқа тиесілі делінген деректердің мазмұнын және мекеменің ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қаншалықты сақтағанын тексереді. Заң бұзушылық анықталса, мекеме басшыларын қоса алғанда, жауапты лауазымды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынады.

Мәдиев бұған дейін де осындай жағдайлар болғанын айтты. Мәселен, 4 млн қазақстандықтың жеке дерегі медициналық ұйымнан тарады деген шағым расталмағанымен, ақпараттық қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталып, айыппұл салынған. Министрдің есінде қалғаны бойынша, бұл DamuMed медициналық платформасына қатысты болған.

Еске салайық, бұған дейін даркнетте Қазақстанның Жоғарғы сотына тиесілі делінген деректер базасы $50 мыңға (шамамен 22,2 млн теңге) сатылымға қойылған еді. SOCRadar компаниясының мәліметінше, базада жүздеген млн жазба болуы мүмкін.

Жоғарғы сот өз кезегінде сот органдарының бірыңғай порталы ақпараттық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау талаптарына сай әзірленгенін және тиісті тексерістерден өткенін мәлімдеді. Деректердің таралуына қатысты ақпаратты әзірге растаған жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу