Бектенов ҚТЖ-да тәртіп орнатуды талап етті

Бектенов ҚТЖ-да тәртіп орнатуды талап етті
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының ұжымына жаңа басшы Ерсайын Нағаспаевты таныстырды. Үкімет басшысы компаниядағы кадр жұмысын ретке келтіруді, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді және басшылардың жеке жауапкершілігін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бектенов Нағаспаевтың теміржол саласын жетік білетінін, бұған дейін де компанияда қызмет атқарғанын атап өтті.

«Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал және жауапты адамдар екеніне сенімдімін», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр жаңа басшылыққа транзиттік тасымал көлемін арттыру, теміржол инфрақұрылымын дамыту және компания жұмысының тиімділігін жақсарту міндеттерін қойды.

Биыл жыл соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерінің, ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысын аяқтау көзделген.

Бұдан бөлек, отандық локомотив пен вагон өндірушілерді қолдау, жүк тасымалының бірнеше көлік түрін біріктіретін жүйесін қалыптастыру, теңіз көлігі инфрақұрылымын дамыту, инвестормен бірлесіп «Alatau Air Cargo» жүк әуе компаниясының жұмысын ұйымдастыру және көлік саласын цифрландыру тапсырылды.

«Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет», – деді Үкімет басшысы.

Еске салайық, ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Елжас Отыншиев 11 қарашада жемқорлық күдігімен ұсталған еді. Ал бүгін, 24 қарашада, 2025 жылдың ақпанынан бері өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарған Ерсайын Нағаспаев министрліктен босатылып, «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының шешімімен ҚТЖ басшысы болып тағайындалды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу