Алматы-Қорғас тасжолында үш адамның өмірін қиған мас жүргізуші полиция майоры болып шықты
Алматы-Қорғас тасжолында үш адамның өмірін қиған апат кезінде Haval көлігін мас күйде басқарған адам 37 жастағы полиция майоры Абылай Жарылқасынұлы екені белгілі болды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, – деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 23 маусым күні сағат 17.00 шамасында Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында болған. Күн жарық әрі құрғақ уақытта жылдамдықты асырып қарсы бағытқа шығып кеткен Haval жол талғамайтын көлігі Audi 100 автокөлігімен соқтығысып, салдарынан неміс көлігіндегі 41 жастағы жүргізуші Ахметжан Жүнісов, оның 40 жастағы әйелі Гүлхұмар Махаметова және 20 жастағы қызы Дияра Тиіп оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі уақытта ерлі-зайыптының тағы екі баласы мен Дияраның бір жасқа толмаған сәбиі, сондай-ақ Haval көлігінің жолаушысы Айдар Үрістімбетов те ауыр жарақаттармен ауруханада жатыр.
Бұған дейін марқұмның туыстары әлеуметтік желіде рөлде погон таққан мас адам отырғанын айтып, істің жылы жабылып қалуынан қауіптенетінін жеткізген болатын.
Козачковтың мәліметінше, ішкі істер органдарында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеген майордың қанынан 3,3 промилле этил спирті табылған. Абылай Жарылқасынұлы 2020 жылы ауруханада бұзақыны құрықтағаны үшін көзге түскен. Кейін жедел уәкіл болып тағайындалып, майор шеніне дейін көтерілген екен.
Журналист бұл жағдайды Аль-Фараби даңғылында Александр Пак жасаған апатпен салыстыра отырып, қайғыға жазасыздық сезімі себеп болғанын алға тартты.
Қазіргі уақытта майорға қатысты қылмыстық кодекстің 345-1-бабы бойынша іс қозғалып, ол күдікті ретінде тергеліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар