Әлназарованың ізімен: ұшақ бортында ресейлік әйелді вице-министр құтқарып қалды
«Астана – Тараз» бағытымен ұшып бара жатқан әуе кемесінің бортында 38 жастағы жолаушының денсаулығы сыр берген. Оған осы рейспен бірге ұшып бара жатқан денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов дер кезінде медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға әуе сапары кезінде болған. 38 жастағы Ресей Федерациясының азаматшасы кенеттен әлсіреп, жүрегі айнып, ентігіп, қан қысымы көтеріліп кеткен.
Сол сәтте ұшақ ішінде басқа медицина мамандары болмаған. Мамандығы бойынша білікті дәрігер саналатын Манас Рамазанов бірден көмекке келіп, науқастың қан қысымын өлшеп, жалпы жағдайын тексеріп, қажетті медициналық шараларды атқарды. Уақтылы көрсетілген жәрдемнің арқасында жолаушының беті бері қарап, есін жиды.
Бұдан бөлек, вице-министр әуе кемесі қонатын Тараз әуежайына жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Ұшақ жерге қонған соң ресейлік әйел әрі қарай толық тексеруден өтуі үшін дәрігерлер бригасына табысталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін дәл осындай жағдайда ұшақ бортында өзін жайсыз сезінген жолаушыға денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да шұғыл көмек көрсеткен еді.
Соңғы жаңалықтар