Ақтөбедегі кафеде жарылыс болды (ВИДЕО)
Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде жарылыс болды. Салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар жоқ, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 13 қараша күні сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған.
Кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, ғимаратқа жапсарлас салынған құрылым опырылған. Артынша өрт шыққан. Жарылыстың әсерінен тұрғын үйдің терезелері де зақымданған.
Оқиға орнына құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жетіп, сағат 10:53-те өртті толық сөндірді.
Жарылыстан зардап шеккен екі адамды жедел жәрдем қызметкерлері ауруханаға жеткізген. Олардың жағдайы туралы әзірге ақпарат берілген жоқ.
Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 45 құтқарушы мен 10 техника жұмылдырылды. Оқиға орнына облыстық ТЖД бастығы да барған.
Қазір жарылыстың нақты себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде газ құю бекетінде болған жарылысқа байланысты бекет иесі сотталған еді.
Соңғы жаңалықтар