«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы: саясаттанушылар не дейді?

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы: саясаттанушылар не дейді?
Коллаж: Politico.kz

«Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Саясаттанушылар Данияр Әшімбаев пен Ғазиз Әбішев бұл оқиғаға пікір білдіріп, оның билік пен ұлттық компаниялар үшін қандай мәні бар екенін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елдегі квазимемлекеттік сектордың ең жоғары лауазымды екі басшысын ұстады.

Ол ҚТЖ тарихында басшылардың ұсталуына қатысты мұндай жағдайлар бұрын да болғанын, ал «Самұрық-Қазына» қоры басшысының ұсталуы бұрын-соңды болмаған оқиға екенін атап өтті.

«Мемлекет лауазымына да, саяси ықпалына да қарамастан, жемқорлықпен қатаң күресетінін, заң алдында бәрі бірдей жауап беретінін көрсетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Заң мен тәртіп» қағидатын бірнеше рет айтқан», – деді Әшімбаев.

Саясаттанушы Президенттің «Сауатсыз, оның үстіне ашкөз, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды» деген сөзін де еске салды.

Оның пікірінше, «Самұрық-Қазына» басшылығы елдегі ең жоғары лауазымдардың бірі саналады. Қор көптеген маңызды мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырады. Сондықтан оның басшысының ұсталуын өзге лауазымды тұлғалар да ескеруге тиіс.

Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл оқиғаны ұлттық компаниялардағы басқару жүйесіне жасалған ескерту деп бағалады.

Ол мемлекеттік қаржыға сүйеніп, миллиардтаған долларлық жобаларды басқаратын адамдардың жұмысы барынша ашық болуы керектігін айтты.

«Қарапайым халық миллиардтаған долларды басқарып, мемлекеттік субсидиялар есебінен ірі жобаларды жүзеге асырып жүрген менеджерлерді көргенде еріксіз күмәнданады. Сондықтан мұндай адамдардың жұмысы барынша таза әрі ашық болуы керек», – деді саясаттанушы.

Әбішев «Самұрық-Қазына» қоры соңғы жылдары бірқатар жақсы жобаны жүзеге асырғанын мойындайды. Алайда оның сөзінше, топ-менеджерлер осы жұмысы үшін жоғары жалақы алады.

Саясаттанушы БАҚ-та жарияланған Нұрлан Жақыповтың табысына қатысты мәліметке де назар аударды.

«БАҚ мәліметінше, Жақыпов соңғы үш жылда 800 млн теңге табыс тапқан. Бұл аз ақша емес. Сонда күмәнді әрекеттерден толық бас тарту үшін осы қаражат жеткіліксіз бе?» – деп сұрады Әбішев.

Оның пікірінше, Қазақстан экономикасын дамытуға қомақты мемлекеттік ресурстар жұмсалып жатқан кезде билік ұлттық компаниялардағы жемқорлыққа көз жұма алмайды.

Саясаттанушы бұл ұстаулардан кейін «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-да жаңа басшылық тағайындалуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа басшылар бұрынғы қателіктерді қайталамауы үшін өздеріне қысым көрсетілген жағдайда ашық хабарлай алатын команда жасақтауы керек.

Әбішев Астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінің терезесінен долларлар шашылғаны туралы тараған бейнежазбаға да тоқталды.

Ол мұндай ауқымды ұстау кездейсоқ жүргізілмейді деп есептейді. Саясаттанушының болжамынша, бұған дейін ұзақ уақыт жедел жұмыстар жүргізілген болуы мүмкін. Сондай-ақ шашылған банкноттар алдын ала тіркеліп, белгіленген болуы ықтимал. Оның пікірінше, мұндай айғақтар сотта маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің және басқа да адамдардың ұсталғанын хабарлады. Олар 11 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған.

Осы тұста әлеуметтік желіде Астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінің терезесінен долларлар шашылған бейнежазба тарады. Кейбір БАҚ 7-8 чемодан ақша болғанын жазды. Алайда бұл оқиғаның ұлттық компания басшыларының ұсталуына қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Ал бүгін, 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтеді.

Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың мәліметінше, жиында көлік-логистика саласын дамыту мәселелері қаралады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына байланысты мемлекеттің ұстанымын жеткізеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу