"Америка дауысы", "Азаттық радиосы". Трамп бірқатар БАҚ жұмысын тоқтатты

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі АҚШ-тан тыс аудиторияға хабар тарататын американдық бұқаралық ақпарат құралдарының жүздеген қызметкерін ақысыз демалысқа жіберді. Бұл, ең алдымен, "Америка дауысы" және "Азаттық радиосы" секілді БАҚ қызметкерлеріне әсер етті, деп хабарлайды AFP агенттігі.
AFP-тің мәліметінше, "Америка дауысы", "Азат Азия радиосы" (RFA) және "Азат Еуропа/Азаттық радиосының" (RFE/RL) репортерлері мен басқа да қызметкерлері тиісті ескертулерді электрондық пошта арқылы алды. Хаттарда оларға кеңсеге кіруге тыйым салынатыны, сондай-ақ журналистік куәліктерін, жұмыс телефондары мен басқа да жабдықтарын тапсыру қажеттігі туралы айтылған.
Мұның себебі – Дональд Трамптың АҚШ үкіметіне қарасты жеті тәуелсіз федералды агенттікте ауқымды қысқартулар жүргізу туралы жарлығы. Атап айтқанда, АҚШ президенті Құрама Штаттардың Үкіметаралық кеңесін (USICH), Аз ұлт бизнесін дамыту агенттігін (MBDA), Мұражайлар мен кітапханалық қызмет институтын (IMLS), сондай-ақ АҚШ-тың ғаламдық медиа агенттігін барынша қысқартуға бұйрық берді. Соңғысы жоғарыда аталған БАҚ-ты қаржыландыратын мекеме болып табылады.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" басшысы Стивен Капустың айтуынша, мемлекеттік қаржыландырудың тоқтатылуы медиакомпанияның 75 жылдық тарихында алғаш рет хабар таратуды доғаруына әкелуі мүмкін.
"Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосының" қаржыландыруының тоқтатылуы Американың қарсыластарына үлкен сыйлық болады. Ирандық аятоллалар, қытайлық коммунистік көшбасшылар және Мәскеу мен Минскідегі автократтар RFE/RL жұмысының тоқтатылуын қуанышпен қабылдайды.Бізсіз әр апта сайын бізден нақты жаңалықтар мен ақпарат алатын 50 миллионға жуық адам Америка мен әлем туралы шынайы дереккөздерден айырылып қалады, - деді Капус
RFE/RL деректері бойынша, 2017 жылы медиакомпания құрамында шамамен 400 журналист болған, ал тағы 700-ден астамы фрилансер ретінде жұмыс істеген. 2023 жылы "Азаттық радиосы" Вильнюс пен Ригада қосымша кеңселерін ашып, олар белорус және орыстілді аудиторияға қызмет көрсете бастаған.
Соңғы жаңалықтар





