Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 қарашада Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Оның айтуынша, Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне арналады.
«Жиын барысында Президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталуына байланысты мемлекеттің позициясын жеткізеді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау, ұлттық компания басшыларының жеке жауапкершілігі, стратегиялық маңызды кәсіпорындардың жұмысындағы заңдылық пен ашықтық мәселелеріне ерекше назар аудармақ.
Еске салайық, бүгін, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын ресми түрде хабарлады.
ҰҚК мәліметінше, олар мен өзге де адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
Соңғы жаңалықтар