«Кенеттен жөндеу басталмақ»: Ақтөбеде мүгедектігі бар адамдарды қолдауға арналған митинг болмайтын болды
Ақтөбеде құқық қорғаушы Мұсағали Дауылов ұйымдастырмақ болған бейбіт митингті өткізуге берілген келісім кері қайтарылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Диапазон”-ға сілтемемен.
Бұған «Авиатор» саябағында жоспарланған жөндеу жұмыстары себеп болған. Алайда белсендінің айтуынша, қаладағы өзге митинг өткізуге рұқсат етілген алаңдар да бос емес.
Бұған дейін Ақтөбе әкімдігі 3 желтоқсан күні өтетін бейбіт митингті өткізуге келісім берген. Жиын Авиақалашықтағы «Авиатор» саябағында сағат 10:00-ден 11:55-ке дейін жоспарланған болатын. Тиісті қаулыға қала әкімі Азамат Бекет қол қойған.
Митинг Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай ұйымдастырылмақ. Мұсағали Дауыловтың айтуынша, жиында кедергісіз орта қалыптастыру, сапалы медициналық көмек көрсету, оңалту қызметтерін дамыту және әлеуметтік жәрдемақылардың әділдігі мәселелері көтерілмек.
Сонымен қатар қатысушылар инклюзивті білім беру, еңбек етуге тең мүмкіндік жасау, лайықты жалақы мен қолжетімді баспана мәселелерін талқылауды жоспарлаған.
Алайда 6 қарашада Ақтөбе әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев белсендіге 3 желтоқсанда митинг өткізу мүмкін еместігін хабарлаған. Ресми жауапта дәл осы күні «Авиатор» саябағында «Aqtobe su-energy group» кәсіпорны апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетіні айтылған.
Мұсағали Дауыловтың сөзінше, ол митинг өткізуге болатын басқа алаңдарды ұсынуды да сұраған. Бірақ әкімдік өкілі қаладағы өзге арнайы орындардың барлығы сол күні басқа іс-шараларға байланысты бос емес екенін жеткізген. Алайда қандай іс-шаралар жоспарланғаны нақты айтылмаған.
«Осылайша, кенеттен пайда болған жөндеу жұмыстары мен алаңдардың бос еместігін сылтау етіп, шенеуніктер әлеуметтік маңызы бар акцияны өткізуге тосқауыл қойды. Инклюзивті қоғамның нақты мәселелері мен азаматтардың заңды құқықтары тағы да бюрократиялық жауаптардың тасасында қалды», – деп жазды белсенді Facebook парақшасында.
Соңғы жаңалықтар