Балқаш тұрғындары АЭС салынғаннан кейін ауызсу сапасына алаңдамауына бола ма? Министрлік жауап берді
Балқаш көлінің жағасында атом электр станциясы (АЭС) салынғаннан кейін жергілікті тұрғындардың ауызсу сапасына қауіп төнбейді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы құрылыстарын дамыту департаментінің директоры Сағи Өтелов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Балқаш маңындағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жер асты су көздері арқылы жүзеге асырылады. Ал атом электр станциясының жұмысына қажетті су көлдің өзінен алынбақ.
«Атом электр станциясының құрылысына келсек, су алу жер үсті көзінен, нақтырақ айтқанда, Балқаш көлінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта біз көлді сумен толықтыратын Іле өзенінің арнасын тазарту жобаларын іске асырып жатырмыз. Балқаш көлі тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты қауіп төндірмейді», – деді Сағи Өтелов.
Осылайша, министрлік өкілінің түсіндіруінше, АЭС жұмысына пайдаланылатын су мен халықтың ауызсу көзі бөлек болғандықтан, тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге қауіп жоқ.
Айта кетейік, Іле өзені Балқаш көлін сумен толықтыратын негізгі су көздерінің бірі саналады. Сондықтан өзен ағысын сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану және көлдің экологиялық жағдайын жақсарту өңір үшін маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
Мамандардың пікірінше, Балқаш көлінің экологиялық жағдайын сақтау үшін су деңгейін тұрақты бақылап, су сапасына жүйелі мониторинг жүргізу қажет. Ал АЭС құрылысы мен оны пайдалану барысында су ресурстарына түсетін жүктеме де назардан тыс қалмауы тиіс.
Соңғы жаңалықтар