ҰБТ орнына жаңа емтихан енгізіле ме? Министр ел арасында тараған қауесетке жауап берді
Қазақстанда 2027 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жаңа Admission Insight Test (AIT) емтиханына ауыстырылады деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Алайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл мәліметті жоққа шығарып, келесі жылы ҰБТ бұрынғы тәртіппен өткізілетінін мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа тестілеу жүйесі әзірге тек пилоттық режимде іске қосылады. Оған қатысу талапкерлер үшін міндетті болмайды. Яғни 2027 жылы мектеп бітірушілер өз таңдауы бойынша дәстүрлі ҰБТ тапсыра алады немесе жаңа емтиханнан өту мүмкіндігін қарастыра алады.
Саясат Нұрбек ата-аналар мен оқушылар арасында негізсіз алаңдаушылық тудырып жатқан ақпараттарға да тоқталды. Оның сөзінше, кейбір білім беру орталықтары әлі ресми таныстырылмаған AIT емтиханына дайындық курстарын жарнамалай бастаған.
Министр мұндай әрекеттерді алаяқтық деп бағалап, ата-аналарды жалған ақпаратқа сеніп, дайындық курстарына ақша төлеуден сақ болуға шақырды.
Осылайша, 2027 жылы ҰБТ жойылмайды, ал жаңа тестілеу жүйесі әзірге сынақ ретінде ғана ұсынылмақ.
Соңғы жаңалықтар