Әмина Қажы: Қазақтар баласын детдомға өткізеді дегенге сенбейтінмін
Қазақстандағы жетім балаларға көмектесу және қайырымдылық бастамаларын қолдау саласында өзіндік із қалдырған қоғам белсендісі Әмина Қажы асырап алған балалары мен алғашқы демеушілік қызметі жайлы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Әмина Қажы Айдос Тұрғанға берген сұқбатында айтты.
«Менің қолымда Мәрия деген қазақ келіншек жұмыс істейтін. Қасымдағылар ылғи қазақтың балалары туралы айтқанда, мен: «Кетші, оттамай!» – дейтінмін. «Қазақстанда тұрып, қазақтарға не болыпты жетім балалар үйіне өткізіп?» деп ойлайтынмын. Содан барлық ақшамды жинап, бәрінің жалақысын беріп, жарық пен газдың ақысын төлегенімде, қолымда таза он мың доллар ақша қалды. Мен ол ақшаны ұстауға құқығым жоқ деп есептеп, жинап алып Ақсайға бардым. Онда бір әйбат әйел бар екен. Барғанымда ол әйел: «Біреулермен ренжісіп қалдық, апай. Осындай бала сатуға қарсы болып шығып едім, «Күніңді қалай көрсең, олай көр!» деп мені итеріп тастады. Қарызға кіріп кеттік, котельни де жұмыс істемей жатыр. Мен бұл ақшаны алмаймын, осы ақшаға кір жуатын орынды жасап беріңіз» – деді. Мен: «Жарайды, қызым», – дедім. Содан әлгі кір жуатын бөлмесін жасап бердік. Әдемілеп отырып, өзі қалағандай етіп жөндедік. Балалардың киім-кешектерін түгел жаңаладық. Пачка-пачка қылып, Газельмен апарып төгіп бердік», – деді Әмина Қажы.
Бұл қайырымдылықтан кейін кейіпкердің қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, оған қолдауға мұқтаж балалар тарапынан өтініштер түсе бастаған.
«Осы тоқсан бесінші жылы ма, балалар үйінің 50 жылдығында телевидениеден мені «Балалар үйінің бас демеушісі» ретінде көрсетіп қалды. Мені үлкен кісі сияқты қылып көрсетті. Мақашева: «Осы бағып отырған екі жүз балаға жәрдем беріп жатқан ең бірінші бас демеуші – осы», – деп айтып қалды. Соны айтқан соң балалар келе бастады. Анау да келіп тастады, мынау да келіп тастады», – деді қария.
Сондай-ақ, кейіпкер өзінің көпбалалы ана атануына әкесінің берген батасы мен отбасылық қолдауы түрткі болғанын атап өтті. Арада жылдар өтіп, асырап алған балаларының саны 71-ге жеткен.
«Баяғыда марқұм әкем: «Балам, сенің ақшаң көп қой. Сен бір-екі ұл, бір-екі қыз асырап алмасаң, сені бәрібір бай алмайды. Не еркек, не әйел адам емессің. Бір бақырсаң, еркек қашып кететін шығар», – деп мазақтайтын. Мен әкеме: «Ой, дада, қызық екенсіз ғой! Ақшам көп қой, мен он бес бала бағамын», – десем, ол кісі: «Иә, Раббым! Он бес болсын, елу болсын, жетпіс болсын, баға берсін! Халыққа жәрдем ғой, жақсы нәрсе ғой», – деп бата беретін. Кейін 71 бала болған кезде, осы үйде ботадай боздап жыладым. «Иә, Раббым Алла, әкемнің дұғасы қабыл болған екен-ау! Не деген дұға еді!» – дедім», – деді Әмина Қажы.
Соңғы жаңалықтар