Әмина Қажы: Жеті күндік сәбиді емізгенімде, омырауымнан сүт шықты

13.08.2026 14:29 Томирис САҒЫНДЫҚ
Әмина Қажы: Жеті күндік сәбиді емізгенімде, омырауымнан сүт шықты
84
Фото: видеодан скриншот

Әмина Қажы алғаш асырап алған балаларының күтімі мен сәбилерді бағып-қағуда кездескен ерекше жағдайларға тоқталды. Оның айтуынша, отбасы құрамы уақыт өте келе біртіндеп көбейіп, бірнеше ондаған балаға жеткен, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Айдос Тұрғанға берген сұқбатында айтты.

«Сол кезде 15 баладан бастадым. Ең кенжесі – жеті күндік, салмағы 1600 грамм ғана болатын қып-қызыл шақа еді. Сосын малға қарайтын Бақыт есімді бір арбакешім бар еді. Сол маған: «Апай, омырауыңызды берсеңізші», – деді. Мен: «Менің өз балаларым екі-үш жасқа толды ғой», – дедім. «Бисмиллә» деп намазымды оқып, дәрет алып, омырауымды беріп едім, қолымдағы қыз балаға сүт шықты. Ол қыз қазір 27 жаста, әлі де қолымда. Одан кейін де балаларды әкеле берді. Саны 20, 50, 70-ке де жетті», – деді Әмина Қажы.

Әмина Қажы тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықтар, несие алудағы қателіктер мен баспанасыз қалған ауыр кезеңді де жасырмай баяндап берді.

«Сол кездегі ең үлкен қателігіміз – инфляция жүріп жатқан кезде несие алғанымыз болды. «Даладан жер берді, жерге шығайық» дедік. Қалада көре алмайтындар да көп болды. Олар: «Ұйғыр қатын екен, ақшаны қайдан алып жатыр? Ел жәрдем беріп жатыр ғой», – деді. Неше түрлі сөз айтылған соң, мен құры сөзге шыдамай, «Далаға шығып кетейік» деп, үш үйімді кепілге қойып, инфляцияға ұшырадық. Ақыры үйі де, күйеуі де жоқ жол жөндеушінің подвалын тазалап, жиырма бір Камаз қоқыс шығарып, қырық бір баламен сол подвалға көштік. Сол подвалда Алланың қалауымен тура жеті жыл тұрдық», – деді Әмина Қажы.

Войдите, чтобы оставить комментарий