Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулығы туралы тың ақпарат мәлім болды

22.04.2026 09:57 Мөлдір Талғат
Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулығы туралы тың ақпарат мәлім болды
1350
Фото: коллаж politico.kz

Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында болған. Бұған дейін жоғалып кеткен ерлі-зайыпты қарттар мен олардың ұл-қызының мәйіттері табылып, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен марқұмдардың кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева аталған.

Тергеу деректеріне сәйкес, негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемалиев қылмысты алдын ала жоспарлап, марқұмдардың мүлкін иемденуді көздеген. Оқиғадан кейін ол шетелге қашып кеткен. Кейіннен бұл іске оның бейресми жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның да қатысы болуы мүмкін екені айтылды.

Елге жеткізілгеннен кейін Ақбаян Мұқанғалиева психологиялық жағдайына байланысты алдымен жергілікті медициналық мекемеге, кейін Алматыдағы арнайы жүйке ауруларын зерттеу орталығына сараптамаға жіберілген.

Марқұм Мақсот Мұқанғалиевтың қарындасы Әдемі Мұқанғалиева сіңлісінің денсаулығында кінәрат болғанын айтып, оның өз әрекеттеріне толық жауап бере алмағанын жеткізді. Туыстары оның қылмыстық ниеті болмағанын, жағдайдың ауруының салдарынан туындауы мүмкін екенін алға тартуда.

«Киім, тамақтарын апарып тұрамын. Бірақ кездесуге рұқсат жоқ. “Сот болған жоқ, бәрі бақылауда” деді. Денсаулығына қатысты нақты ақпарат бермейді. Дәрісін жазып береді, апарып беріп отырамыз. “Ағаң келіп кетті” дегенде, “Наурыз ағам ғой” деп жауап берген», – дейді туысы.

Қазіргі уақытта марқұмдардан қалған бес бала мемлекет қамқорлығына алынған. Үлкендері кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, кішкентайлары сәбилер үйіне берілген.

Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева заңды некеде болмаған. Іс бойынша медициналық сараптама нәтижелері әлі жарияланған жоқ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий