Ақмола облысында итті балтамен ұрып өлтірген ер адам сотталды

06.10.2026 • 17:23 Мөлдір ҚАЙНАР
Ақмола облысында итті балтамен ұрып өлтірген ер адам сотталды
99
Фото: petstory

Ақмола облысының Жақсы ауданында жануарға қатыгездік көрсетіп, оның өліміне себепкер болған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға танысының ауласында иттің әйелді қауып алғанынан басталған. Мұны естіген азамат ашуға бой алдырып, қолына балта алып, иттің иесі тұратын үйге барады. Ол жануарды өзіне шақырып алып, басынан екі рет балтамен шапқан. Ветеринар дәрігердің қорытындысына сай, ит алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында өліп қалған.

Сот процесі барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді. Оның кінәсі жануар иесі мен куәгерлердің түсініктемелерімен, сараптама қорытындысымен және іске тіркелген бейнежазбалармен толық дәлелденді.

«Сот істі Қылмыстық кодекстің 316-бабы 2-бөлігі («Жануарға қатыгездік көрсету арқылы оның өліміне әкеп соғу») бойынша қарады», – деп нақтылады Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.

Жаза тағайындау барысында судья айыпталушының өз кінәсін мойындап, шынайы өкінгенін, сондай-ақ оның жұмыссыз екенін және материалдық жағдайын ескерді.

Нәтижесінде сот ер адамды 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім қабылдады. Жәбірленуші тарап материалдық немесе моральдық шығын бойынша талап қоймаған. Үкім заңды күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий