Ақмола облысындағы жол апаты: нәрестенің жағдайы әлі ауыр
Ақмола облысында жол апатынан зардап шеккен жаңа туған нәрестенің жағдайы әлі де ауыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы редакциямыздың нәрестенің қазіргі жағдайына қатысты сауалына берген жауабында мәлімдеді.
«Әзірге еш өзгеріс жоқ. Нәресте жансақтау бөлімінде, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жағдайы ауыр», – делінген басқарманың жауабында.
Еске салайық, жол апаты 7 қарашада «Астана – Петропавл» тасжолының 312-шақырымында болған еді. Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta автокөліктері соқтығысқан.
Апат салдарынан төрт ересек адам мен екі бала зардап шеккен. Олардың арасында небәрі 4 күндік нәресте де болған.
Сол кезде дәрігерлер шақалақтың жағдайын ауыр деп бағалап, жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосқан болатын.
Полиция жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған еді.
Соңғы жаңалықтар