Қостанай облысында білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды
Қостанай облысының Қарабалық ауданында білім саласына бөлінген бюджет қаражатының жымқырылғаны анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, Қарабалық ауданының білім бөлімін тексеру кезінде бюджет қаражатының жымқырылғаны және мемлекеттік сатып алу талаптарының бұзылғаны белгілі болған.
Атап айтқанда, жауапты лауазымды тұлға 768 мың теңгені кіріске алмаған. Сондай-ақ құны 8,7 млн теңге болатын мектеп жабдықтары мен оларды сатып алуға бөлінген 744 мың теңгенің жоқтығы анықталған.
Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігінің 3-тармағымен («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу») сотқа дейінгі тергеу басталған. Алайда келтірілген залал толық өтелген соң қылмыстық іс рақымшылық туралы заң негізінде тоқтатылды.
Бұдан бөлек, білім бөлімінде 50 млн теңгеден астам сомаға тауарлар конкурс өткізілместен сатып алынған. Оның үстіне жабдықтардың белгіленген талаптарға сай екенін растайтын құжаттар мен кепілдіктер болмаған.
Прокуратураның тексеру нәтижесінде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Тағы жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қадағалау органы бюджет қаржысының заңды жұмсалуын және мемлекеттік сатып алу талаптарының сақталуын бақылау жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға іздеу жарияланған еді.
Соңғы жаңалықтар