"Бұл әртістер құтырған дейді": Мейрамбек Бесбаев 15 миллион теңгеге сатылған домбырасына қатысты пікір білдірді
Танымал әнші Мейрамбек Бесбаев 50 жас мерейтойында өткен аукцион мен домбырасының 15 миллион теңгеге сатылуына қатысты көпшілік тарапынан айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz sn.kz ақпарат порталына сілтеп.
Өнер иесінің айтуынша, кеш барысында ұйымдастырылған аукционның басты мақсаты — пайда табу немесе той шығынын өтеу емес, ұлттық аспаптың мәртебесін көтеріп, мерейтойды ерекше есте қаларлықтай ету болған:
«Қазақтар қосқанды жақсы көреміз ғой. “Бұл әртістер құтырған, әбден тойынған” деп жатады. Жігіттер домбыраның қадірін көтергісі келді. Әйтпесе, сол ақшадан ақша алады дейсіңдер ме? Немесе домбыраны сатып, ақшасына мейрамхананың шығынын жабады дейсіңдер ме? Ондай жоқ. Негізі, шынымен де бере алатын мәрт жігіттер ғой. Тек қызық болсын, есте қалсын деп, домбыраның қадірін көтергісі келді», — деді әнші.
Сонымен қатар Мейрамбек Бесбаев кеште екі домбыра болғанын және соның бірін келіні Айжанның қалап алғанын жеткізді. Әншінің сөзінше, келіні қымбат смартфоннан бас тартып, ұлы тұлғалардың қолтаңбасы қалған аспапты таңдаған:
«Екі домбыра еді. Келініміз Айжан: “Маған айфон керек емес, ұлылардың қолы қойылған домбыра керек” деп, оның қадірін одан сайын көтерді. Аман болыңыздар. Бәріңізге осы жігіттердің жолы жұғысты болсын», — деп түйіндеді өнер иесі.
Соңғы жаңалықтар