Ақтөбедегі жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Ақтөбеде кафеде болған жарылыстан зардап шеккен екі адамның жағдайы тұрақты. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақтөбедегі №1 қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Қадырбек Иманбаевтың айтуынша, 13 қараша күні сағат 10:28-де жедел жәрдем қызметіне қоғамдық тамақтану орнындағы төтенше жағдай туралы шақырту түскен.
«Бір минут ішінде оқиға орнына жедел жәрдемнің екі бригадасы жетті. Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», – деді Қадырбек Иманбаев.
Еске салайық, бүгін, 13 қараша күні таңертең Ақтөбедегі Тәуелсіздік даңғылында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафеде газ-ауа қоспасы жарылған еді.
Жарылыстан кейін өрт шығып, кафенің жапсарлас салынған құрылымы опырылды. Тұрғын үйдің терезелері де зақымданды. Өрт сөндірушілер жалынды сағат 10:53-те толық сөндірді.
Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Қазір мамандар жарылыстың себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар