Көпбалалы әйел ақтөбелік экс-депутатты 80 млн теңгеге «лақтырып» кетті: істің мән-жайы
Ақтөбеде косметология клиникаларының желісін басқаратын 33 жастағы кәсіпкер әйел бірнеше адамды алдап, ірі көлемде ақша алғаны үшін сотталды. Оның ішінде қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты да бар. Кәсіпкер экс-депутаттан бизнесін дамытуға 80 млн теңге алып, кейін ақшаны қайтаруды тоқтатқан, деп хабарлайды Politico.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы әйел азаматтарға өз бизнесіне инвестиция салуды ұсынған. Ол Оңтүстік Кореяда шығарылған медициналық аппараттарды ТМД елдеріне қайта сату және косметология клиникаларының желісін кеңейту арқылы пайда табуға уәде берген.
Осы ұсынысқа сенген кәсіпкер әйелдердің бірі оған әуелі қолма-қол 10 млн теңге берген. Кейін банктен 24 млн теңге несие рәсімдеп, оны да айыпталушыға тапсырған.
Тағы бір әйел жеке үйін сатудан түскен ақшаны инвестиция ретінде берген. Нәтижесінде айыпталушы оған 14 млн теңгеден астам қаражат қарыз болып қалған.
Экс-депутат 80 млн теңгесінен айырылған
Бұл істе ең көп шығынға ұшырағандардың бірі – қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты. Ол кәсіпкер әйелмен жақсы қарым-қатынаста болған, оның клиникасында қызмет алып, сенім білдірген.
Осылайша, экс-депутат оған жалпы сомасы 80 млн теңге берген. Бастапқыда айыпталушы қарызды ай сайын ішінара қайтарып отырған. Алайда кейін төлемдер тоқтап қалған.
Жәбірленуші сотта пайыздарды есептегенде кәсіпкер әйелдің өзіне 97 млн теңге қарыз екенін мәлімдеген.
Қылмыстық іс бойынша барлығы бес эпизод қаралған. Алайда сотталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
Оның айтуынша, ол жәбірленушілерге бизнеске инвестиция салуды ұсынбаған, тек қарызға ақша алған. Кәсіпкер бір жәбірленушіден 59 млн теңге алып, оған 89 млн теңге қайтарғанын мәлімдеген. Бірақ араларындағы достық қарым-қатынасқа байланысты ақшаның қайтарылғанын құжат жүзінде рәсімдемегенін айтқан.
Ал экс-депутаттың полицияға арыздануын әйел оның қоңырауларына жауап бермей қойғанымен байланыстырған. Айыпталушының сөзінше, ол сол кезде уақытша ұстау изоляторында отырғандықтан, телефон қоңырауларын қабылдай алмаған.
Сот кәсіпкер әйелді барлық эпизод бойынша алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алайда сотталушы төрт баланың анасы екенін, кенже баласы биыл шілде айында дүниеге келгенін ескеріп, жазаны орындауды бес жылға кейінге қалдырған. Сондықтан ол әзірге қамауға алынбады.
Сот үкімімен айыпталушы жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Соңғы жаңалықтар