Ақтөбедегі кафеде болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбедегі кафеде болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: Бейнеден кадр

Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафеде болған жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 13 қараша күні таңертең Тәуелсіздік даңғылындағы кафеде газ-ауа қоспасы жарылған.

Жарылыстың салдарынан кафеге жапсарлас салынған құрылым опырылып, артынша өрт шыққан. Тұрғын үйдің терезелері де зақымданған. Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ.

Зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі – 19 жастағы жігіт. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 36 жастағы әйел көптеген жарақат алған науқастарға арналған бөлімшеге жатқызылған.

Дәрігерлердің мәліметінше, екеуінің де жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жарылысқа байланысты қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

«Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді», – деп мәлімдеді департамент.

Бұл бап өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға қатысты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу