Ақмолалық шенеуніктер Maybach пен Camry мінбек болды
Ақмола облысы Целиноград ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Отбасын қолдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі массаж функциясы бар қымбат көліктерді жалға алу үшін мемлекеттік сатып алу порталында байқау жариялап, кейін оны тоқтатты, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекеттік мекеме 11 ақпан күні түнде жүргізушісі бар жеңіл автокөлікті жалға алу туралы хабарландыру шығарған. Онда 20 ақпан мен 31 желтоқсан аралығындағы 517 сағаттық сапар үшін 2 миллион 160 мың теңге қарастырылған.
Тапсырыс берушінің техникалық ерекшелігінде 2026 жылғы Mercedes-Maybach S-Class және 2025 жылғы Toyota Camry 80 маркалы автокөліктері көрсетілген. Талапқа сай қара түсті Maybach көлігінің артқы орындықтары массаж жүйесімен жабдықталып, салоны премиум санаттағы былғарымен қапталуы тиіс болған. Сондай-ақ қызмет көрсететін жүргізушілер аудан аумағын жақсы білетін және кемінде 5 жылдық жұмыс өтілі бар адамдар болуы шарт. Келісім бойынша олар таңғы сағат тоғыздан кешкі сегізге дейін іскерлік этикетті қатаң сақтап қызмет етуі керек еді.
Алайда бұл ақпарат желіде тарап кеткеннен кейін аталған лот дереу тоқтатылды. Мемлекеттік сатып алудан бас тартудың ресми себебі: ««Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, техникалық ерекшеліктің дұрыс көрсетілмеуіне байланысты», – делінген.
Енді мекеме дәл нені «дұрыс көрсетілмеді» деп тапты екен, сол ғана жұмбақ күйінде қалып отыр. Бәлкім, олар Maybach-ты жалға алу үшін 2,1 миллион теңге тым аз екенін түсінген болар? Әлде сұратқан көліктер жеткілікті деңгейде "люкс" емес деп ойлады ма екен? Ал мүмкін, шенеуніктер тәбетін тежеп, әлдеқайда қарапайым әрі үйреншікті көліктерге ауысатын шығар? Әзірге бұның бәрі жұмбақ болып қалды.
Соңғы жаңалықтар