АҚШ студенттік виза ережесін жаңартты

АҚШ студенттік визалар беру тәртібін жаңартты: қазақстандық студенттерге әлеуметтік желілерін тексеруге кеңес берілді
АҚШ-та шетелдік студенттерге арналған F-1 визаларына өтініш қабылдау қайта басталды. Алайда жаңа талаптар енгізіліп, өтініш иелерінің әлеуметтік желідегі белсенділігі арнайы бақылауға алынатыны хабарланды. Бұл туралы Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сенат кулуарында айтты.
«Әлеуметтік желілердегі аккаунттардағы саяси ұстанымдар, АҚШ-тың ресми саясатына қайшы пікірлер және қолдау көрсетілген идеялар тексеріледі. Сол себепті барлық студенттерімізге ескерту жасағым келеді: аккаунттарыңызды тазалап шығыңыздар, өте мұқият болыңыздар. Бұл – АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми мәлімдемесі», – деді ол.
АҚШ Мемдепартаментінің жаңа талабы бойынша визаны рәсімдеу кезінде студенттердің әлеуметтік желідегі парақшалары тексеріледі – бұл олардың жауласты көзқарастары бар-жоғын анықтауға арналған.
Жаңалық Қазақстандық жастардың АҚШ-та білім алу жоспарына әсер етуі мүмкін. Сол себепті министр болашақ талапкерлерге онлайн-мәдениет пен жеке қауіпсіздік мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауға кеңес берді.
Дереккөз: ULYSMEDIA
Соңғы жаңалықтар





