Ақша үшін әнші атанбадым – Димаш Құдайбергенов (ВИДЕО)
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әлемдегі ең танымал телеарналардың бірі – CNN арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы әншінің өзі Instagram парақшасында жазып, көпшілікке сұхбаттың үзіндісін көрсетті.
«Бүгін Лондонға келе сала әлемдегі ең танымал телеарналардың бірі – CNN арнасына What We Know with Max Foster атты бағдарламада тікелей эфирге қосылу бақытына ие болдым. Мені шақырғандарыңыз үшін рақмет! Барлығыңызды 12 қарашада OVO Wembley Arena-да өтетін концертте асыға күтемін, Dears!», - деп жазды әнші желі парақшасында.
Видеода жүргізуші алдымен Димашты «оны тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша жанкүйерлері бар, алты октавамен 16 тілде ән айта алатын қазақ әншісі» деп таныстырады. Жүргізуші Димаштан сұхбат кезінде музыкалық білімі, музыкада таңдаған бағыты мен алты октаваға қалай қол жеткізгені туралы сұрайды.
Димаш студияда ұстазы Марат Айтымовқа алғыс айтып, «әншіліктегі басты миссиясы қазақ мәдениетін әлемге паш ету екенін» сөз етеді.
«Мен ақша не басқа коммерциялық дүние үшін халықаралық әнші атанбадым. Мен жай ғана әлем аудиториясына тарихымызды, дәстүрімізді, мәдениетімізді, махаббат пен бейбітшілікті паш еткім келеді», - дейді Димаш.
Әншінің сүйінші жаңалығына куә болған желі қолданушылары Димашқа жылы пікірлерін қалдырды.
Соңғы жаңалықтар