АҚШ-тың Иранмен қақтығысқа жұмсаған әскери шығыны 48 миллиард доллардан асты
Ақпан айының соңында басталған Иранға қарсы әскери операциялар АҚШ Қарулы күштеріне 48 миллиард доллардан астам шығын әкелді. Бұл туралы Пентагонның бас бақылаушысының орынбасары Артур Миллер АҚШ Конгресіндегі тыңдау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Әскери-теңіз флоты министрінің қаржылық басқару жөніндегі көмекшісі лауазымына үміткер ретінде сөз сөйлеген Миллер бұл қаражаттың қайда жұмсалғанын нақтылады:
«Бұл сомаға оқ-дәрілердің құны, әскери техника мен жабдықтарды алмастыру шығындары, сондай-ақ пайдалану шығындары кіреді», — деді Пентагон өкілі.
Оның айтуынша, аталған есепке Иранның зымырандары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан қатты зардап шеккен Таяу Шығыстағы америкалық базаларға келген залал мен әлемдік экономиканың шығындары енгізілмеген. Пентагон өкілі америкалық нысандарға келтірілген шығын көлемі туралы әзірге нақты ақпарат жоқ екенін жеткізді.
CBS News телеарнасының мәліметінше, бұл Пентагонның қазан айының ортасынан бері жариялап отырған алғашқы жаңартылған есебі. Ол кезде соғыс шығыны 47,1 миллиард долларға бағаланған болатын. Сол уақытта қаражаттың негізгі бөлігі — шамамен 29 миллиард доллары жұмсалған оқ-дәрілердің орнын толтыруға, ал 6 миллиард долларға жуығы жойылған ұшақтар мен дрондар секілді әскери техниканы қалпына келтіруге бағытталған еді.
Соңғы жаңалықтар