Нұрлан Нығматулиннің ұлы мен ағасына қатысты тергеу жалғасып жатыр
Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрланов пен ағасы Арғын Нығматулинге қатысты қылмыстық істер әлі тергеліп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) «Курсив» басылымына хабарлаған, деп жазады Politico.kz.
Нұржан Нұрлановқа рейдерлік жолмен компанияны тартып алды деген айып тағылып отыр. Кәсіпкер Қанат Әміркин оны «Алатаудорстрой» компаниясын күштеп беруге мәжбүрледі деп айыптаған.
Алғашында іс Қылмыстық кодекстің 389-бабы («Өзінше билік ету») бойынша тіркелген. Кейін 249-бапқа («Рейдерлік») ауыстырылды.
2025 жылғы қыркүйекте тергеудің уақытша тоқтатылғаны белгілі болды. ҚМА мен Бас прокуратура мұны Түркияға жіберілген халықаралық құқықтық көмек сұрауына жауап күтілуімен түсіндірген. Нұрлановтың іс бойынша түпкілікті процессуалдық мәртебесі түрік тарапынан материалдар алынғаннан кейін анықталатыны айтылған.
Алайда қазір Алматы қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті істі қайта қолға алған. Алматы прокурорының бірінші орынбасары Талқанбаев тергеу жалғасып жатқанын растады. Қалған мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Ал Арғын Нығматулин аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденді немесе талан-таражға салды деген күдікке ілінген. Іс оның Қарағандыдағы «Сарыарқа» хоккей клубын басқарған кезеңіне қатысты.
Арғын Нығматулин 2024 жылы халықаралық іздеуге жарияланған. Ол әлі іздеуде жүр. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
2025 жылғы наурызда оның ресми тергеу басталғанға дейін Қазақстаннан кетіп қалғаны белгілі болған.
Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі басшысының орынбасары Ережепов бұл іс бойынша да тергеу жалғасып жатқанын растады.
Бұған дейін Нұрлан Нығматулиннің егізі Ерлан Нығматулинге қатысты рейдерлік іс тоқтатылған еді. Кәсіпкер Рамис Ибрагимов оны рейдерлік жасады деп айыптаған.
Қылмыстық іс 2026 жылғы 20 мамырда Қарағанды облыстық полиция департаментінің қарауына түскен. Алайда бес күннен кейін, 25 мамырда тергеу тоқтатылған. Полиция мұны «қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның анықталмауымен» түсіндірген. Істің тоқтатылғаны қарашаның басында белгілі болды.
Айта кетейік, Нұрлан Нығматулинді соңғы рет Алматыда Қазақстанның халық әртісі, режиссер Досхан Жолжақсыновтың 75 жылдық мерейтойына келген қонақтардың арасынан көрген.
Соңғы жаңалықтар