«Інісі – депутат, өзі – шенеунік»: Ақтөбеде әйел бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын айтты

«Інісі – депутат, өзі – шенеунік»: Ақтөбеде әйел бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын айтты
Коллаж: Ulysmedia.kz

Ақтөбеде үш баланың анасы Ақбота Серік бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын айтып, прокуратурадан көмек сұрады. Әйелдің сөзінше, мемлекеттік қызметте басшылық лауазым атқаратын бұрынғы жұбайына қатысты қылмыстық іс екі жылдан бері сотқа жетпеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақбота Серік күйеуімен екі жыл бұрын ажырасқан. Алайда оның айтуынша, содан кейін де қысым тоқтамаған. Бұрынғы күйеуі оны ұрып-соғып, пышақпен және балтамен қорқытқан. Тіпті үйінің есігін бұзып, подъезде күтіп тұрған кездері болғанын айтады.

«Бірнеше жыл бойы қысым көрдім. Алған жарақаттарымнан денсаулығым нашарлап, ауруханаға түстім. Екі жыл болды, іс сотқа жіберілмей отыр. Жәбірленуші адам көрген қорлығын қанша рет дәлелдеуі керек? Қанша рет арыз жазуы керек? Талабым – әділдік. Өлгенше тебе беремін, сеть жоқ жер болғанда өлтіріп тастайтын едім айтады. Құқық қорғау орындарының есігін тоздырып, әділдік іздеп жүрмін. Ажырасқаннан кейін де тұрып жатқан үйімнің есігін балтамен, темір заттармен ұрып, бұзып сындырған жағдайлар болды», – деді Ақбота Серік.

Әйел бұрынғы күйеуінің інісі депутат екенін және оның оқиға куәгерлеріне қысым көрсетіп, жауап бермеуді сұрағанын мәлімдеді. Сондай-ақ экс-жұбайы құқық қорғау органдарындағы таныстарын айтып қорқытқанын жеткізді.

Ақбота Серіктің сөзінше, қолында оқиғаларға қатысты бейнежазбалар мен медициналық анықтамалар бар. Алайда полицияға бірнеше рет жүгінгенімен, іс әлі сотқа жолданбаған.

Ол Президенттен, Бас прокуратурадан және ІІМ-нен тергеудің созылу себебін анықтап, өзін және үш баласын қорғауды, жауапты қызметкерлердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрайды.

Журналистер әйелдің бұрынғы күйеуінен түсініктеме сұрағанымен, әзірге жауап алмаған.

Ал Ақтөбе облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері мен зерттеулер кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деп хабарлады полиция.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу