Ғылыми жобаға бөлінген миллиондар қолды болды – екі күдікті қамалды

Ғылыми жобаға бөлінген миллиондар қолды болды – екі күдікті қамалды
Фото: ҚМА

Астанада ғылыми жобаларды қаржыландыруға бөлінген мемлекеттік грантты жымқыру дерегі анықталды. Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілген. Екі күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеу мәліметінше, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» АҚ-нан өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру үшін 350 млн теңгеге дейін грант алған.

Алайда қаражат жабдық, шикізат сатып алу және басқа қызметтерге төлем жасау деген желеумен кәсіпкердің бақылауындағы компанияларға аударылған.

«Жобада көзделген дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желінің орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана сатып алынған. Дайын өнім өндірілмеген және сатылмаған», – деп хабарлады ҚМА.

Тергеу барысында жымқырылған қаражаттың пайдаланылған өсімдік майын жеткізу деген желеумен өзара байланысты екі компанияға аударылғаны анықталған. Кейін ақшаның бір бөлігі кәсіпкердің шоттарына қайтарылып, жобаға қосқан жеке қаражаты ретінде рәсімделген. Қалған бөлігінің бір бөлігі автокөліктерді лизингке алуға жұмсалған.

Сондай-ақ жобаны бақылауға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алған деген күдікке ілінген. ҚМА мәліметінше, ол заңбұзушылықтарды тексеру актілеріне енгізбей, жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген.

Қазір екі күдікті қамауда отыр. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Айта кетейік, ҚМА «Қызыл-Жар» футбол клубының бұрынғы президентіне іздеу жариялаған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу