Ақтау апатында қаза тапқан Сәлима Жұтаеваның қабірінен заттар ұрланып жатыр

22.05.2026 12:09 Мөлдір Қайнар
Ақтау апатында қаза тапқан Сәлима Жұтаеваның қабірінен заттар ұрланып жатыр
433
Фото: ашық дереккөз

Қостанай облысындағы Тобыл қаласының мұсылман зиратында қабір басындағы гүлдер, көшеттер мен гранит орындықтардың жоғалуы тұрғындардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматы арнасының хабарлауынша, зардап шеккендердің арасында Ақтау маңындағы ұшақ апатында қаза тапқан 29 жастағы Сәлима Жұтаеваның отбасы да бар. Марқұмның анасы Ұлтуған Жұтаеваның айтуынша, қызының қабіріне күн сайын дерлік барып тұрады. Алайда қайғыдан әлі ес жия алмаған отбасы енді зираттағы ұрлықпен бетпе-бет келген.

Туыстарының сөзінше, алдымен қабір басына отырғызылған тірі гүлдер жұлынып кеткен. Кейін мәрмәр мен граниттен жасалған орындықтың бөлшектері жоғалып, артынша қымбат көшеттер қазылып әкетілген.

«Биыл көшеттерді ұрлап кетті, былтыр мәрмәр мен граниттен жасалған орындықты алып кеткен. Адамдардың бұған қалай қолы барады? Біз әлі осы қайғыдан айыға алмай жүрміз. Жалғыз қызым еді, небәрі 29 жаста болатын», – дейді Ұлтуған Жұтаева.

Кезекті ұрлықтан кейін отбасы қабір басына құлып салынатын қоршау орнатқан. Алайда бұл да көмектеспеген. Ұрылар қоршаудың сыртындағы көшеттерді де алып кеткен.

Марқұмның туысы Руслан Жұтаев бір жыл бойы күтіп-баптаған ағаштардың бір күнде жоғалып кеткенін айтып, мұндай әрекетке баратын адамдарға таңғалғанын жеткізді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, зираттағы мұндай жағдайлар жиілеп кеткен. Кей қабірлерден шырша, гүл, құмыралар мен түрлі заттар жоғалып жатыр. Тобыл қаласының тұрғыны Айгүл Шәріпова зират аумағында күзет те, бейнебақылау да, қоршау да жоқ екенін айтып, қауіпсіздік мәселесін көтерді.

Қостанай облыстық полиция департаменті қабір басындағы шыршаның ұрлануына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Қазір құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Сәлима Жұтаеваның анасы да полицияға арыз жазған. Ол кінәлілер жауапқа тартылып, зират аумағына күзет пен қоршау қойылады деп үміттенеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий