Ақтауда Әскери-теңіз туының алғаш көтерілгеніне 30 жыл толуы атап өтілді
Ақтау қаласында Қазақстанның Әскери-теңіз туының алғаш көтерілуінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Ел тарихында тұңғыш рет бұл ту 1996 жылғы 17 тамызда әскери кемелерде көтерілген болатын. Ал Әскери-теңіз күштерінің өзі Президент жарлығымен 1993 жылғы 2 сәуірде құрылған, деп хабарлайды Politico.kz.
Салтанатты жиын барысында әскери қызметшілер жауынгерлік дайындық шеберліктерін көрсетіп, қонақтарға заманауи теңіз техникасы, қару-жарақ пен экипировка үлгілері таныстырылды.
Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков өз сөзінде Каспий теңізінің қазақстандық секторында ұлттық мүдделерді қорғайтын флоттың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі теңізшілер алғашқы ардагерлер салған дәстүрді жалғастырып, әскери әлеуетті арттырумен қатар халықаралық ынтымақтастықты да дамытып келеді.

Қазақстанның Әскери-теңіз күштері — Каспий акваториясындағы теңіз шекарасын, порттарды, маңызды инфрақұрылымдарды қорғауға және су асты диверсияларына қарсы тұруға жауапты Қарулы күштердің жеке әскер түрі.
Еліміздің үстіңгі су флоты Оралдағы «Зенит» зауытынан шыққан «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа» және «Маңғыстау» сияқты зымыран-артиллериялық кемелерінен тұрады. Бұл кемелер Каспий теңізінде 10 тәулікке дейін дербес жүзуге қабілетті. Сонымен қатар флот құрамында миналарды іздеп, залалсыздандыратын «Алатау» рейдолық тральщигі және навигациялық-гидрографиялық бағыттағы «Жайық» сияқты арнайы кемелер бар.

Қорғаныс министрлігі өкілдері атап өткендей, Қазақстан отандық кеме жасау саласын белсенді дамытып келеді. Оған қоса, әскери флот Каспий жағалауы елдерімен бірлескен халықаралық оқу-жаттығуларға тұрақты қатысып тұрады. Осылайша, үш онжылдық ішінде еліміздің әскери флоты алғашқы бөлімшелерден бастап, ел шекарасын сенімді қорғай алатын дербес әскер түріне айналды.
Соңғы жаңалықтар