Ақтауда электр желілері басқармасының директоры қамауға алынды

14.09.2026 09:10 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақтауда электр желілері басқармасының директоры қамауға алынды
83
Фото: magnific.com

Ақтауда «Ақтау электр желілері басқармасы» (АЭЖБ) МКК директоры алаяқтық ісі бойынша қамауда отыр. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар Маңғыстау облысының прокуратурасына түсті, деп хабарлайды Politico.kz порталы Lada.kz-ке сілтемемен.

Редакция сауалына берілген ресми жауапқа сәйкес, 2026 жылғы 22 шілдеде Маңғыстау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті АЭЖБ директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабының 3 бөлігінің 2 және 3 тармақтары бойынша тергеліп жатыр.

Прокуратура мәліметінше, 2 тармақта қызметтік жағдай мен қызметтік мүмкіндіктерді пайдалану арқылы жасалған алаяқтық туралы сөз болады. Ал 3 тармақ екі немесе одан да көп жәбірленушіге қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықты қарастырады.

13 тамызда Ақтау қаласының тергеу соты күдіктіні 2 ай мерзімге қамауда ұстауға санкция берген.

Прокуратура қазір қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады. ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 300 бабына сәйкес, іс материалдары Маңғыстау облысының прокуратурасында қаралып жатыр.

Алайда ведомство қылмыстық істің егжей тегжейін жарияламады.

«ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201 бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты сотқа дейінгі тергеп тексерудің өзге деректері жария етілмейді», – делінген прокуратура жауабында.

Ведомство қолда бар дәлелдемелердің алдын ала белгіленген күші болмайтынын да атап өтті. Объективті деректердің жиынтығы олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы тұрғысынан бағалануы тиіс.

Осыған байланысты прокуратура іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданғанға дейін редакция сауалындағы өзге сұрақтарға түсініктеме беруден бас тартқан.

Бұған дейін журналист Махаббат Нұржанқызы АЭЖБ басшысының ұсталғаны туралы хабарлап, кәсіпорын қызметіне кешенді аудит жүргізуге шақырған еді.

Сол жарияланымда жеке тұлғаға төлемдер жүргізу, техникалық шарттар беру, электр желілерінің жағдайы, апаттық ажыратулар және кәсіпорынның қаржылық ахуалы туралы мәселелер көтерілген.

Ол кезде басшының не себепті ұсталғаны ресми түрде расталмаған. Алайда құзырлы дереккөз Lada.kz басылымына оның ұсталғанын растаған.

Енді Маңғыстау облысының прокуратурасы қылмыстық істің қозғалғанын, АЭЖБ директорының қамауда отырғанын және сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын ресми түрде растады.

Войдите, чтобы оставить комментарий