Ақтауда жазаны жеңілдетемін деп ақша бопсалаған прокурор сотталды
Ақтауда жазаны жеңілдету үшін ақша бопсалаған прокурор сотталды, деп хабарлайды Politico.kz сайты «ҚазАқпарат» ХАА-не сілтеме жасап.
Маңғыстау көлік прокуратурасының бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шықты. Ол танысымен бірге қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетіп беремін деген желеумен азаматтан ірі көлемде қаржы талап еткен.
Тергеу материалдарына сәйкес қадағалау органының өкілі мен оның сыбайласы айыпталушыдан 2,5 миллион теңге бопсалаған. Бұл соманың өтеуі ретінде олар қылмыстық іс бойынша жазаны жұмсартып, яғни нақты түрмеге қамаудың орнына бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауға ықпал етуге уәде берген.
Сот отырысында екі азамат та тағылған айыппен толық келісіп, жеңіл жаза қолдануды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы тек прокуратура қызметкерін нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Себебі ол қызметтік мәртебесін пайдаланып, адамдардың сеніміне қиянат жасаған және басты ұйымдастырушы рөлін атқарған. Ал қылмыстық схеманың екінші қатысушысы жәбірленуші тараппен бітімге келген. Осыған байланысты прокурор оны Қылмыстық кодекстің 68-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатуды қолдады.
Істі қарау барысында судья бопсалау фактісінің толық дәлелденгенін атап өтті. Прокуратура қызметкері үшін жазаны ауырлататын мән-жай ретінде оның кәсіби антты бұзғаны негізге алынды. Өйткені ол заңды қорғауға міндетті тұлға бола тұра қылмыстық жолға түскен.
Нәтижесінде сот үкімімен экс-прокурор 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда және Ұлттық банк жүйесінде еңбек етуге өмір бойына тыйым салынды.
Соңғы жаңалықтар