Ақтөбе облысында әткеншектен құлаған бала есінен танып қалды

Ақтөбе облысында әткеншектен құлаған бала есінен танып қалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Ақтөбе облысында 5-сынып оқушысы әткеншек теуіп жүріп жарақат алды. Оқушы шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бала арқаннан қолдан жасалған әткеншекте ойнап жүріп құлап, есінен танып қалған. Ауыл мектебінің өкілдері оқиғаның үй ауласында болғанын нақтылады:

«Әткеншек үйдің ауласында қолдан жасалған екен. Екі ағаштың арасына арқан байланған, балалар сол жерде ойнаған. Ұлдардың бірі аяғы тайып құлап, арқан мойнын жырып кеткен және қатты қорқып қалған. Қазір жағдайы жақсы», — деп мәлімдеді мектептегілер.

Темір аудандық ауруханасының мәліметінше, балаға алдымен Кеңқияқ ауруханасында алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін ол реаниматолог дәрігердің сүйемелдеуімен Ақтөбе қаласындағы балалар ауруханасына жеткізілді.

«Бала қолдан жасалған әткеншектің арқаны үзіліп кетуі салдарынан жарақат алған. Қазір ол толық тексеруден өтіп, мамандардың кеңесін алып жатыр, балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне жатқызылды», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу