Ақтөбеде 500 мың теңге пара алған салықшы 15 млн теңге айыппұл арқалады
Ақтөбеде 500 мың теңге пара алған салықшы 15 млн теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Politico.kz порталы HALYQSTAN телеграм-арнасына сілтемемен.
Ақтөбе қаласының №2 соты Хромтау ауданының бұрынғы салық қызметкері Фархад Ерімбетовке қатысты пара алу ісін қарады. Ол кәсіпкерден заңсыз қаражат алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, салық қызметкерлері инертті материалдар өндіретін және сататын компаниядан 26 заңбұзушылықты анықтаған. Кәсіпкер электронды шот-фактураларды уақытылы жазып бермеген. Әрбір бұзушылық үшін 86,5 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Осылайша жалпы айыппұл сомасы 2,2 млн теңгеден асуы керек еді.
Алайда шенеунік барлық хаттаманы толтырудың орнына тек үшеуін ғана рәсімдеуді ұсынады. Бұл қызметі үшін ол кәсіпкерден 500 мың теңге сұраған. Алғашында бұған келіскен кәсіпкер кейін мұның пара екенін түсінген. Сөйтіп ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне арыз түсіреді.
Ақша қызметтік көліктің салонында берілген. Кәсіпкер қаражатты көліктің алдыңғы жәшігіне салып кеткен. Кейін Ерімбетов бұл ақшаны өзінің жеке қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.
Сот отырысында бұрынғы шенеунік өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Ол өзінде қажетті қаражат бар екенін айтып, жаза ретінде айыппұл тағайындауды сұраған.
Сот Ерімбетовті Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі (пара алу) бойынша кінәлі деп тапты. Нәтижесінде ол пара сомасынан 30 есе көп, яғни 15 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Сот үкімімен ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сонымен қатар одан пара ретінде алынған 500 мың теңге де мемлекет пайдасына өндірілді.
Соңғы жаңалықтар