Басшысы ұсталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» инвесторларға үндеу жолдады

Басшысы ұсталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» инвесторларға үндеу жолдады
Фото: Самұрық-Қазына
«Самұрық-Қазына» жұмыс тәртібіне қатысты түсініктеме берді

«Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін инвесторлар мен кредиторларға үндеу жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қор өз жұмысының әдеттегі тәртіппен жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Қордың хабарлауынша, инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы ұйымдары және іскерлік серіктестер алдындағы барлық міндеттеме бұрынғы күшінде қалады. Олардың барлығы қолданыстағы келісімдерге сәйкес орындалады.

Сонымен қатар қордың инвестициялық жобалары мен стратегиялық бағдарламалары бекітілген жоспар бойынша жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Ұйым қаржылық және институционалдық тұрақтылығын сақтап, өз міндеттерін орындауды жалғастыратынын жеткізді.

Алайда қор таратқан мәлімдемеде Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны туралы тікелей айтылмаған. Сондай-ақ басқарма төрағасының міндетін қазір кім атқарып жатқаны жөнінде ақпарат берілмеді.

Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Орыншиевті ұстаған. Оларға пара алуға оқталды деген күдік келтіріліп отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу