Ақтөбеде автобус жүргізушісі жолаушыларды қалаға жеткізбей, айдалаға тастап кеткен

18.03.2026 23:26 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде автобус жүргізушісі жолаушыларды қалаға жеткізбей, айдалаға тастап кеткен
231
Фото: Диапазон
Хромтауға жетпей автобус жолаушыларды түсіріп кеткен

Ақтөбе облысында рейстік автобус жүргізушісі жолаушыларды көздеген жеріне жеткізбей, жол үстінде түсіріп кеткен оқиға тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Диапазон сайтына сілтемемен.

Оқиға 17 наурыз күні «Ақтөбе – Хромтау» бағыты бойынша қатынайтын кешкі рейсте болған. Жолаушылардың айтуынша, автобус Хромтауға жетпей шамамен 5 шақырым қалғанда тоқтап, ішінде кішкентай балалары бар жолаушыларды далаға түсіріп кеткен. Осыдан кейін жүргізуші кері қарай Ақтөбеге қайтып кеткен.

Оқиға куәгерлерінің бірі редакцияға жолдаған хатында бұл жағдайға наразылық білдіріп, мұндай әрекеттің қауіпті екенін атап өткен.

Тасымалдаушы компания өкілі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, көктемнің басы мен қыс мезгілінде бұл бағытта тұман мен қолайсыз ауа райына байланысты жол қозғалысына уақытша шектеулер жиі енгізіледі. Кей жағдайда автобус елді мекенге кіргенімен, кері шығуға рұқсат берілмей қалуы мүмкін.

Алайда компания өкілдері жолаушыларды елді мекеннен тыс жерде, әсіресе балалар болған жағдайда түсіру – қауіпсіздік талаптарына қайшы екенін атап өтті. Белгілі болғандай, жүргізуші бұл шешімді басшылықпен келіспей, өз бетінше қабылдаған.Қазіргі уақытта жүргізушіге қатысты тәртіптік шаралар қолданылмақ. Сонымен қатар барлық жүргізушілерге жолаушылар қауіпсіздігін қатаң сақтау жөнінде қосымша нұсқаулық жүргізілуде.

Компания мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий