Ақтөбеде көршісі 15-тегі қызды зорлап, өлтіремін деп қорқытқан

13.07.2026 13:56 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде көршісі 15-тегі қызды зорлап, өлтіремін деп қорқытқан
192
Фото: depositphotos.com

Ақтөбе облысында 15 жастағы мектеп оқушысын көршісі зорлады. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Оқиға 19 мамырда болған. Туыстарының айтуынша, қыз құрбысының үйіне барған кезде оның 22 жастағы ағасы зұлымдық жасаған. Ол жәбірленушімен бала кезден бірге өскен көршісі екен. Күдікті қызды ешкімге тіс жармауға бұйырып, әйтпесе өлтіретінін айтып қорқытқан.

Оқушы бір ай бойы үндемей, тамақ ішпей, өзімен-өзі тұйықталып қалған. Кейін мән-жайды туған ағасына айтып беріп, ол бірден полицияға арыз түсірген. Қазір жәбірленушінің үлкен әпкесі Ақмарал Әжіғалиева қауіпсіздік үшін сіңлісін ауылдан Ақтөбе қаласына көшіріп алды.

Отбасының сөзіне қарағанда, күдікті ауылда таныстары көп болғандықтан, жазадан құтылып кетемін деп сеніп, еркін жүр. Жақындары бұл іс 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу емес, нақты зорлау бабымен тергелгенін талап етуде.

"Мен әділдік іздеймін. 15 жастағы сіңлімді 22 жастағы жігіт зорлады. Бұл екі ай бұрын болған. Қатты қорқытқандықтан, ол бір ай бойы ешкімге тіс жармады. Қазір сіңлімнің психологиялық жағдайы өте ауыр. Біз қарапайым көпбалалы отбасымыз, сондықтан бәрін ашық айтып отырмын. Әділдік орнағанын қалаймын", – деді Ақмарал Әжіғалиева.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 122-бабымен (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу) іс қозғалғанын растады. Күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілген, сондай-ақ қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий