Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар қазақстандықтарды алдаудың жаңа тәсіліне көшті

Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар қазақстандықтарды алдаудың жаңа тәсіліне көшті
Фото: computterra.kz

Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын интернет-алаяқтар да белсенділігін арттырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Олар мерекелік жеңілдіктер мен сыйлықтар ұсыну арқылы қазақстандықтарды алдап, ақшасын иемденуге тырысып жатыр. Полиция тұрғындарға интернет-дүкендердегі күмәнді ұсыныстардан сақ болуды ескертті.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алаяқтар әсіресе смартфондар мен тұрмыстық техниканы әдеттен тыс төмен бағамен сатуды ұсынады. Қымбат тауарды үлкен жеңілдікпен алуға қызыққан азаматтар асығыс шешім қабылдап, алдын ала төлем жасайды. Алайда ақшаны аударғаннан кейін тауар да, сатушы да жоғалып кетуі мүмкін.

Алаяқтықтың тағы бір тәсілі – жаңа жылдық сыйлықтар мен түрлі мерекелік акцияларды желеу ету. Қаскөйлер тиімді ұсынысқа қызықтырған адамдарды күмәнді сайттарға бағыттап, тауарды немесе сыйлықты алу үшін алдын ала ақша аударуды сұрайды.

Сондай-ақ алаяқтар ештеңе сатып алуды жоспарламаған адамдарды да нысанаға алады. Оларға күтпеген жерден «Сіз мерекелік сыйлық ұтып алдыңыз!» деген хабарлама жібереді. Алайда сыйлықты алу үшін жеке немесе банк деректерін енгізуді талап етеді. Осылайша азаматтардың қаржылық ақпаратына қол жеткізуге тырысады.

Осыған байланысты полиция өкілдері тұрғындарға белгісіз интернет-дүкендерге бірден сенбеуге және тауарды көрмей тұрып алдын ала төлем жасамауға кеңес берді.

Сонымен қатар банк картасының CVV-кодын және SMS арқылы келетін құпия кодтарды ешкімге бермеу керектігін ескертті. Тіпті хабарлама белгілі бір дүкеннің немесе ұтыс ойынын ұйымдастырушының атынан келген күннің өзінде, акция туралы ақпаратты компанияның ресми арналары арқылы тексерген жөн.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу