Ақтөбеде қаза тапқан келіншектің әпкесі заңды күшейтуді талап етті (ВИДЕО)
Ақтөбеде бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты делінген 26 жастағы Әселдің әпкесі Жанар Қожанова көпшілікке үндеу жасады. Сіңлісін жерлегеннен кейін ол бұл қайғылы оқиғаны жылы жауып қоймайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Жанар Қожанова сіңлісінің өлімі тек өз отбасына түскен қайғы емес, бүкіл қоғамға ортақ мәселе екенін айтты. Оның пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтіп, әйелдерді қорғау шараларын қатаңдату қажет.
Әйел қазір заңгерлердің, адвокаттардың, құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділерінің көмегіне мұқтаж екенін жеткізді. Ол осы мәселені көтеріп, құзырлы органдардың назарын аудару үшін көпшілікті бірігуге шақырды.
Жанардың айтуынша, сіңлісі қаза тапқаннан кейін Instagram парақшасына көптеген әйел хат жазған. Олардың арасында бұрынғы күйеуінен қорқып жүрген, өз өмірі мен балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтын аналар да бар.
Осы хаттардан кейін Жанар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін кеңінен көтеруге бел буған. Ол әйелдерді қорғауға қатысты заңдарды күшейтуді, зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жақсартуды талап етіп отыр.
Сондай-ақ Жанар Қожанова арнайы петиция әзірлеп, мәселені депутаттарға, Әділет министрлігіне, прокуратураға және ел басшылығына жеткізуді ұсынды. Ол өзіне қолдау көрсеткісі келетін заңгерлер мен адвокаттардан хабарласуды сұраған.
Еске салайық, қайғылы оқиға 6 қарашаға қараған түні Ақтөбедегі тұрғын шағынаудандардың бірінде болған. 26 жастағы келіншек бұрынғы жұбайымен арадағы тұрмыстық жанжалдан кейін қаза тапқан.
Полицияның алдын ала мәліметінше, әйелді тұншықтырып өлтірген болуы мүмкін. Қылмысқа күдікті ретінде оның 31 жастағы бұрынғы күйеуі ұсталды.
Қаза тапқан Әселдің артында 4 жасар қызы қалды. Қазір оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар