Шымкентте көпқабатты үйден өрт шығып, 67 жастағы ер адам қаза тапты
Шымкентте түн ортасында 5 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, бір адам қаза тапты. Құтқарушылар 8 тұрғынды, оның ішінде бір баланы сыртқа алып шыққан. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы жағдай 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Терiскей шағынауданында болған. Көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінде тұрмыстық заттар өртенген. Өрт шарпыған аумақ 4 шаршы метрді құрады.
Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға орнынан 1959 жылы туған ер адамның денесі табылған.
«Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері баспалдақ арқылы сегіз адамды, оның ішінде бір баланы эвакуациялады. Өрт толық сөндірілді. Оқиға орнынан 1959 жылы туған ер адамның мәйіті табылды», – деп хабарлады ведомство.
Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған.
«Әл-Фараби ауданының төтенше жағдайлар басқармасы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеді. Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірді департамент өкілдері.
Бір қызығы, өрт болған үйде осыдан бір ай бұрын қауіпсіздік шаралары түсіндірілген екен. ТЖД мәліметінше, қазан айында газ-техникалық қызмет мамандарымен бірге тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері мен өрттің алдын алу жолдары түсіндірілген.
Соңғы жаңалықтар