Батыс Қазақстанда АИТВ (ВИЧ) жұқтырған 10 адамды полиция іздеп жатыр

Батыс Қазақстанда АИТВ (ВИЧ) жұқтырған 10 адамды полиция іздеп жатыр
Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында АИТВ (ВИЧ) диагнозы қойылған 10 адамға полицияның көмегімен іздеу салынды. Бұл туралы өңірлік Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап «Уральская неделя» басылымы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың 9 айында облыс бойынша АИТВ инфекциясын жұқтырудың 44 жаңа дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеген (былтыр 55 дерек есепке алынған).

Қазіргі уақытта облыста 755 адам диспансерлік есепте тұр. Биыл аталған дерт салдарынан 3 адам көз жұмған, ал өткен жылы 4 адам қайтыс болған.

Бүгінде өңірде АИТВ жұқтырған 11 жүкті әйел дәрігерлердің бақылауында, олардың алтауы босанған. Өткен жылы 13 жүкті әйел бақылауда болып, тоғызы сәбиін дүниеге әкелген.

Сонымен қатар, аймақта биыл бес жасар баладан АИТВ анықталған. Жүргізілген эпидемиологиялық тексеру барысында індеттің балаға анасынан берілгені дәлелденді.

Басқарманың нақтылауынша, облыста медициналық көмек көрсету, қан құю немесе стоматологиялық ем-дом шаралары кезінде инфекция жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу