Ақтөбеде стерилизацияланған деп тіркелген қаңғыбас ит күшіктеп, еркітілердің ашуын тудырды

Ақтөбе қаласында құлағында стерилизация жасалғанын білдіретін биркасы бар қаңғыбас ит күшіктеді. Бұл жағдай жануарларға қамқор волонтерлердің наразылығын тудырып, стерилизация бағдарламасының тиісті деңгейде орындалмай жатқанын көрсетті, деп хабарлайды "Диапазон".
Белка есімді ит қаладағы Рыскұлов көшесінің бойында жүрген, оны жергілікті тұрғындар жүктілігіне күмәнданып, волонтерлерге хабар берген. Волонтерлер кинолог маманмен кеңесіп, итті УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) аппаратына түсірген. Зерттеу нәтижесі оның буаз екенін растады, ал біраз уақыт өткен соң ол бес күшікті дүниеге әкелді.
Волонтерлердің айтуынша, Белканың құлағында №20503 нөмірлі бирка бар, ал бұл оны стерильденген және вакцинацияланған иттердің тізіміне енгізу керек екенін білдіреді.
Волонтерлер не дейді?
Ақтөбедегі жануарларды қорғаушылар бұл жағдайды қаңғыбас иттерге бөлінетін бюджет қаражатының дұрыс игерілмеуінің айқын дәлелі деп санайды.
"Бұл оқиға – стерилизация бағдарламасының дұрыс орындалмай жатқанын көрсетеді. Егер бұл ит шын мәнінде стерильденген болса, күшіктеуі мүмкін емес еді. Біз депутаттарға, ветеринарлық қызметке сұрақ қоюымыз керек: стерилизация шынымен жүргізіле ме, әлде тек құлағына бирка тағылып, қаржы игеріліп жатыр ма?", – дейді волонтер Салтанат.
Ветеринарлық басқарманың жауабы
Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Дін-Мұхаммед Батыршин бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Бирка иттің стерильденгенін білдіреді. Бірақ біздің болжамымыз бойынша, бұл ит буаз күйінде ұсталып, оны стерилизациялау мүмкін болмағандықтан, босатып жіберілген болуы мүмкін. Егер чипі болса, оның ветеринарлық базада тіркелуі керек", – деді ол.
Сонымен қатар, биылдан бастап қаңғыбас иттерді бақылау қатаңдатылатынын айтты.
"Алдағы уақытта қаңғыбас иттерді стерильдеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Біздің мамандар иттерді арнайы сканермен тексеріп, чиптің бар-жоғын анықтайды. Бұл бағдарламаның дұрыс орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді", – деді Батыршин.
Қаңғыбас иттерге қанша қаражат бөлінеді?
Ақтөбе облысында 2024 жылы қаңғыбас иттерді аулау және күтіп-ұстау үшін 100,9 миллион теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз (2023 жылы – 224 миллион теңге).
Өткен жылы 8 мыңға жуық қаңғыбас ит пен мысық ұсталған, ал 2024 жылы 2 700 ит пен 500 мысық стерильденіп, қайта босатылады деп жоспарланған.
"Біздің басты назарымыз – қаңғыбас иттердің санын азайту. Қазіргі уақытта олардың көбеюі адамдар үшін қауіп төндіреді, әсіресе топтасып жүретін иттер үлкен мәселе болып отыр", – дейді ветеринарлық басқарма өкілі.
Соңғы жаңалықтар





