Ақтөбеде судья тірі жүрген 10 жасар қызды өлді деп қаулы шығарды

13.08.2026 17:10 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақтөбеде судья тірі жүрген 10 жасар қызды өлді деп қаулы шығарды
71
Фото: gov.kz

Ақтөбеде судья жол апатынан зардап шеккен 10 жасар тірі қызды өлді деп қаулы шығарды. Оқиға кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта болған, деп хабарлайды hronika.kz.

Биыл зардап шеккен қыздың анасы кінәлі жүргізушіге қарсы моральдық шығын өндіру туралы талап арыз түсірген. Алғашында арыз Ақтөбенің азаматтық сотына берілген. Бірақ олар істі басқа соттың құзыретіне жатады деп қараудан бас тартқан. Осыдан кейін іс Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді. Материал судья Айпатша Мусинаның қарауына түскен. Бірақ ол баланың мүддесі бұзылмағанын айтып, арызды кері қайтарған. Судья Мусина өз қаулысында «қыздың өліміне байланысты моральдық азап шегіп жатқанын» жазған. Алайда жол апатына түскен бала тірі.

Сот отырысына жүргізуші Бауыржан Темірғалиев еш кедергісіз қатысқан. Бұл уақытта полиция оны қамауға алу үшін іздеп жүрген болатын.

Оқиға 2025 жылдың 3 қарашасында Ақтөбедегі Молдағұлова даңғылында болған. Бауыржан Темірғалиев есірткілік мас күйінде Тойота көлігімен 10 жасар қызды қағып кеткен. Оқиға орнына келген полиция қызметкері Қалиев қыздың анасын сараптама жасаудан айнытқан. Полиция әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, оны сотқа жолдаған.

Ақтөбенің әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жеке қаулысында бұл дерек нақты көрсетілген. Соттың мәліметінше, жаяу жүргінші кәмелетке толмаған бала болса да, сараптама тағайындалмаған. Сараптама тек сот барысында ғана тағайындалды. Инспектордың бұл әрекеті сот өндірісінің біржақты болуына әкеп соқты. Салдарынан істі қарау ұзаққа созылып кеткен.

Темірғалиев алғашқы сотта өзінің сау болғанын айтып, есірткі қолданбағанын жеткізген. Ол медициналық куәландыру кезінде өзіне жала жапқанын мәлімдеген. Бірақ іс материалдарында оның апаттан кейін марихуана шеккені туралы сөздері бар. Ол есірткіні бульбулятор арқылы қабылдағанын мойындаған.

Алғашында судья істі қысқартып, Темірғалиев жүргізуші куәлігінен айырылған жоқ. Ол әкімшілік қамауға да алынбады. Сараптаманың уақытында жасалмауы және істің жеңіл баппен қозғалуы осыған себеп болған.

Кейін полиция Темірғалиевке қарсы жаңа іс қозғады. Бұл жолы баланың алған жарақаттарының ауырлығы дұрыс ескерілді. Сот оны 20 тәулікке қамауға алып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды. Алайда инспектор Қалиев сотқа жүргізушінің қашып кеткені туралы баянат әкелген. Сөйтіп полиция оны таба алмай, 20 тәуліктік жазаны өтеуге жібере алмаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий