«Мәңгіге жоғалсам ба»: басы бәлеге қалған ақын Ербол Бықыбаев ІІМ-ге үн қатты (ВИДЕО)
Шерзат Полаттың қазасына арнаған өлеңдерімен көпшілікке танылған ақын Ербол Бықыбаевтың әлеуметтік желіде жаңа видеоүндеуі жарияланды. Кадрда ол басына түскен жағдайды жыр жолдарымен баяндап, Ішкі істер министрлігінен кешірім сұрады және өзіне тағылған айып бабын жеңілдетуді өтінді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Мастықпен айтқан сөзді қиып салды»
Желіде тараған бейнежазбада ақын өзінің бұған дейінгі мәлімдемелері үшін сынға ұшырап, істі болғанына өкініш білдіреді. Ол ашу үстінде әрі масаң күйде айтқан сөздерінің кесірінен ауыр айып арқалағанын алға тартты. Бықыбаев шығармасында қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамағанын, елге көмектесуге ұмтылғанын да атап өткен. Сонымен қатар бұрынғы сөздерінің мастықпен айтылғанын алға тартып, жұрттан кешірім сұраған.
Өлеңінде ол ашумен айтқан сөздерінің бүгінгі жағдайына себеп болғанын айтып, өзін «содыр» деп қабылдауға қарсылық білдірген.
«Ағайын, жаза бастым жастығымнан,
Заманым түлкі болып рас құбылған.
Ашумен айтқан сөзім түптің-түбі,
Өзімді қылды бүгін басты құрбан!Ағайын, танисың ғой көбің мені,
Өлеңдер ғой көмейімнен төгілгені.
Мастықпен айтқан сөзді қиып салып,
Айыптап көр соқырлар содыр деді.Шындықты көп айтушы ем жалғандағы,
Мен содыр емес едім жалданбалы.
Қадалып бір сөзіме мына елім,
Қамалып кетсе дейді армандары!Білмеймін, бұл өлеңді доғарсам ба?
Мәңгіге бұл фәниден жоғалсам ба?
Қаншама ақиқатты айтқан едім,
Шындықты естімей ме олар сонда?Ел десе, көмек беріп елпілдедім,
Жемқорлардай дайын асқа жең түрмедім.
Соңғы рет тентек ұлды кешіріңдер,
Еркекше берілген бұл сертім менің!» – деп жырлады ақын.
Өлеңнің соңында ақын «Соңғы рет тентек ұлды кешіріңдер» деген жолдармен өз үндеуін аяқтайды.
ІІМ-ге жолданған өтініш
Бейнежазба соңында Ішкі істер министрлігінің атына жазылған үндеу мәтіні көрсетілген. Онда ақын ісіне қатысты бапты қайта қарауды сұраған:
«Құрметті Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінен үлкен ниетпен, шынайы өкініп, кешірім сұраймын! Және маған тағылған бап талабын өзгерту жөніндегі өтінішім бойынша әділ шешім шығаруларыңызды сұраймын!» – делінген мәтінде.
Алайда бұл өтініштің құзырлы органдарға ресми түрде түскен-түспегені, сондай-ақ бейнежазбаның нақты қашан және қай жерде түсірілгені әзірге белгісіз.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 2026 жылдың 5 қарашасында Ербол Бықыбаевтың Таразда ұсталғаны белгілі болған еді. Заңгер Дәулетхан Ахметовтің айтуынша, ақынның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы 2-бөлігі («БАҚ немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып терроризмді насихаттау») бойынша іс қозғалған. Бұл баппен кінәсі дәлелденген азамат 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тергеуге ақынның әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерінің бірінде айтқан сөздері түрткі болғаны айтылғанымен, нақты қай жазбаның негіз болғаны ресми хабарланған жоқ. Ербол Бықыбаев бұған дейін Талғарда қаза болған 16 жастағы Шерзат Полатқа арнаған «Қарабет» өлеңі арқылы кеңінен танылған болатын. Қазіргі таңда тергеу барысы мен ақынның процессуалдық мәртебесі туралы ресми мәлімет жарияланбады.
Соңғы жаңалықтар