Атырауда әйелін өлтірген ер адам бар кінәні марқұмға жапты

Атырауда әйелін өлтірген ер адам бар кінәні марқұмға жапты
Коллаж: Politico.kz

Атырауда әйелін өлтірді деп айыпталған 37 жастағы Ерсінбек Жұмағалиев сотта өз әрекетіне өкінетінін айтқанымен, болған жағдайға марқұм жұбайын кінәлады, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтемемен.

Оқиға 22 шілдеде болған. Тергеу дерегінше, ер адам азаматтық некедегі жұбайы Алмагүл Шымырованы 28 жерінен пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Қылмысқа ерлі-зайыптылардың 3 жастағы қызы куә болған. Бала қайтыс болған анасының жанында бір тәуліктен астам уақыт жалғыз қалған.

Сот отырысында сарапшы әйелдің алған жарақаттары туралы мәлімет берді. Судья сотталушыдан мұндай әрекетке не себеп болғанын сұрады.

«Ұйқтап жатсам, маған пышақпен келді. Білмеймін гой. Ұрыс болғанда, сол, баяғы ақша, алимент, кредит», – деді Ерсінбек Жұмағалиев.

Ол әйелінің өзіне пышақпен ұмтылғанын, ал өзінің қорғанғанын алға тартты. Сотталушының анасы да ұлының сөзін қолдады.

Алайда судья Зарема Хамидуллина ер адамнан кішкентай қызын неге анасының жанында жалғыз қалдырғанын сұрағанда, ол нақты жауап бере алмады.

«Сізден әлі жауап ала алмадық, бәріміз сол сұрақты қойып отырмыз. Балаңызды неге тастап кеттіңіз? Оның үстіне Алмагүлдің көзі ашық қалғанын көріп тұрсыз ғой. Көзі ашық қалған деген — кенеттен қайтыс болған.  Неге үш жасар қызыңызды өлген анасының жанына тастап кеттіңіз?» – деді судья.

Бұл сұрақты мемлекеттік айыптаушы да, жәбірленуші тараптың қорғаушысы да қойған. Бірақ сотталушының жауабы оларды қанағаттандырмады.

Ал марқұмның анасы Қатима Шымырова күйеу баласының айтқандарына сенбейтінін жеткізді. Оның сөзінше, сотталушы бар кінәні қайтыс болған қызына артып отыр.

«Өлген адамға бәрін жауап тастап тұр. Өлген адам сөйлеу алмайды деп, солай айтып тұр ғой. Оны мен түсініп тұрмын. Өзінің басын алып қашып тұр ғой. Ол тіпті баланы да ойлап тұрған жоқ. Ал бала өліп қалады, сонда не болады ал?! Ит талаған сияқты қызымды зомбылықпен өлтірген!» – деді марқұмның анасы.

Жәбірленуші тарап «жауыз күйеу өмір бойына сотталсын» деп отыр.

Марқұм Алмагүл Шымырова төрт баланың анасы болған. Ол Ерсінбек Жұмағалиевпен алты жыл азаматтық некеде тұрған. Сот процесі жалғасып жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу